Ойша есептеу оқушыға не береді?

Кейінгі жылдары ментальды арифметика деген «сәнге» айналған секілді. Қалтасында артық ақшасы бар адамдар баласын ментальды арифметикаға беріп жүргенін көзіміз көріп жүр. Әрине, кез келген ата-ана «балам елден ерек, ақылды болса» дейді ғой. Десе де ментальды арифметикаға келгенде мамандардың пікірі екіге жарылады. Біреулері қолдаса, енді бірі оның балаға берері жоқ екенін айтады. Біз осы мәселеге байланысты сауалдарды UCMAS ментальды арифметика Халықаралық Академиясының атқарушы директоры, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің PhD докторанты Ержан Домалатовқа қойған болатынбыз.

Әлемнің 75 елінде сұранысқа ие

Мына заманда есебі мықты адамның ғана, екі жеп биге шығатыны сөзсіз. Десе де қазір есептің де есебі бар. Әсіресе ментальды арифметиканың тасы өрге домалап тұр. Жарнамасы да мықты. Өскеменде де ментальды арифметиканың әліппесін үйрететін бірнеше орталық бар.

Жалпы, ментальды арифметика деген не? Бұл өзі қашан пайда болды? Оның өзіміз білетін математика пәнінен айырмашылығы неде? Қазақтың мақтаулы математиктерінің бірі – Асқар Жұмаділдаев неге ментальды арифметиканы «пайдасы жоқ өнер» деп санайды? Ментальды арифметиканы мектептің бағдарламасына енгізу қажет пе? Бұл жайында UCMAS ментальды арифметика Халықаралық Академиясының атқарушы директоры, PhD докторант Ержан Домалатов былай дейді:

- Ментальды арифметика дегеніміз - 4 жас пен 14 жас аралығындағы балалардың зияткерлік қабілеттерін дамытуға арналған ойша есеп жүйесіне негізделген бірегей бағдарлама. Әлемде ментальды арифметиканың алғашқы бағдарламасы 1993 жылы Малайзияда пайда болған UCMAS (Universal Concept of Mental Arithmetic System) бағдарламасы. Ал жалпы ментальды арифметиканың тарихы тереңде, б.д.д. 2000 жыл бұрын ежелгі Қытай елінде абакус (суань-пань) есептеу құрылғысының пайда болуымен тығыз байланысты. Уақыт өте келе аталған есептеу құрылғысы модификациядан өтіп, қазіргі күні жапондық үлгісі – абакус (соробан) әлемдік деңгейде кең қолданысқа енді. Абакустың адам миын шынықтыру қасиетін байқаған малайзиялық профессор Дино Вонг 1993 жылы UCMAS ментальды арифметика бағдарламасын ойлап тауып ұсынды. Бүгінгі таңда бұл бағдарлама әлемнің 75 елінде сұранысқа ие болып, UCMAS орталықтары ашылды, - дейді Ержан Домалатов.

Ал қарапайым өзіміз білетін математикадан айырмашылығы, артықшылығы неде? Бұл сұраққа жауап бермес бұрын Ержан Домалатов «Арифметика» терминіне анықтама бере кетуді жөн санады.

- Арифметика дегеніміз - сандар (бүтін және бөлшек) және оларға қолданылатын амалдар туралы ғылым. Ал ментальды арифметиканы - аталған арифметика амалдарын ойша есептеу деп түсіну керек. Ал математика - әлдебір әлемнің сандық қатынастары мен кеңістіктік формаларын, пішіндерін өлшейтін, оның ішінде – структуралар, өзгерістер мен белгісіздік жөніндегі ғылым. Ол абстрактілендіру және логикалық қорыту: есептеу, санау, өлшеу және физикалық нәрселерді жүйелі түрде орнықтыру, бейнелеу мен өзгерістерді оқыту арқылы көрініс табады. Осы орайда біздің ментальды арифметика «Математика» ғылымының бір саласы ғана екендігін түсінеміз. Дегенмен, ментальды арифметиканы математика, есептерді ойша шығару деп қана түсінбеу керек. Себебі, ментальды арифметика бағдарламасының негізі «абакус» құрылғысын қолданумен сипатталады. Абакуспен жұмыс істеу балалардың ұсақ моторикасын дамытып, миының екі жақ жарты шарының үйлесімді дамуына ықпал етеді. UCMAS ментальды арифметика бағдарламасы балалардың болашақ академиялық жетістіктері мен жеке тұлғаның шығармашылық дамуына әсер етеді. Мәселен, оқушылардың назар топтау, фотографиялық есте сақтау, нақтылық және жылдамдық, өз-өзіне сенімділік, шығармашылық ойлау, есту және байқампаздық сияқты қасиеттері дамиды. Қорыта айтқанда, ментальды арифметика мен математика түсініктерін салыстыруға болмайды, арифметика - математика емес, ол тек оның бір құрамдас саласы және баланың зияткерлік қабілетін дамытады, сондай-ақ математика және басқа да пәндерді жеңіл меңгеруге оң септігін тигізеді.

Өскемендік өрендердің бағындырған биігі көп

Біздің елге UCMAS ментальды арифметика бағдарламасы 2011 жылы келген. 2015-2016 жылдардан бастап облыс орталықтарында ментальды арифметиканы оқытатын курстар көптеп ашыла бастаған. Олардың ең негізгі айырмашылығы есептеуді үйрету әдістемесінде және оқыту нәтижелілігінде көрінеді. Ержан Бағданұлы өкінішке қарай кейбір орталықтар ментальды арифметиканың түп мақсатын білмей, жеңіл-желпі оқытып пайда көруді мақсат ететінін айтады.
 

- Иә, жасырмаймын, біздің орталық та балаларды ақылы оқыту арқылы пайда табады. Дегенмен, біздің Академияның негізгі мақсаты - тек пайда көру емес, болашақ чемпиондар мен бәсекеге қабілетті ұрпақты даярлауға үлес қосу болып табылады, - дейді ол. 

Өскемен қаласында UCMAS ментальды арифметика Халықаралық Академиясы 2015 жылы ашылыпты. Аталған уақыт ішінде бөлімше республикалық олимпиадалардан үш бірінші орын, 15 екінші орын, төрт үшінші орын алыпты. Сондай-ақ халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленген оқушылар да бар. Мәселен, 2016 жылы Дубайда өткен олимпиада да 57 мемлекеттен келген төрт мыңдай баланың ішінен Тамерлан Закариянов бірінші орынды жеңіп алған. 2017 жылы Малайзияда өткен 22-ші Халықаралық олимпиадада осы орталықтың балалары үздіктер қатарынан табылып, Әдемі Ергешбаева бірінші орын, Рамина Нұрсабитова екінші орын, Әлинұр Құдайберген мен Айым Ілияс үшінші орынды еншілеп қайтқан.

- Біздің филиал екі жыл қатарынан облыстық білім басқармасы және өңірлік «Дарын» орталығымен бірлесіп «Білім жолы» республикалық зияткерлік марафонын ұйымдастырып жүр. Біздің филиал ерекше оқытуды қажет ететін балаларға ментальды арифметиканы оқыту бағдарламасының әзірленуіне де тікелей атсалысуда. Қазіргі күні Алматы, Астана және Семей қалаларында зағип және нашар көретін балаларға арналған арнайы мектептерде UCMAS бағдарламасы тегін оқытылады, дейді Ержан Домалатов.

Абакус - миды шынықтырады

Қазақтың мақтаулы математиктерінің бірі Асқар Жұмаділдаев ментальды арифметиканы пайдасы жоқ өнер санайды. «Дүниеде пайдасыз нәрсе көп қой. Мысалы темекі. Жоқ, бірақ бәрі тартады. Ментальды арифметика пайдалы ма? Жоқ. Ол да темекі сияқты керек емес өнердің біреуі. Дәлірек айтсақ, бұрын болған өнер. Бұдан жүз жыл бұрын ешқандай компьютер, калькулятор болмаған. Сол кезде жапондар мен қытайлардың ойлап тапқан өнері. Онда екі таңбалы санды екі таңбалы санға көбейтеді. Сіз оны бір минут көбейтесіз, ол отыз секунд. Ал не болыпты? Оны калькулятормен есептей салған оңай емес пе? Бас сол ақымақ есепті шығару үшін керек пе? Бас тірлік жасау үшін керек. Ал мұндай есеппен кім тірлік жасай алады?» дейді белгілі ғалым журналистерге берген бір сұхбатында. Ал Ержан Бағданұлы бұл пікірге қатысты мынадай уәж келтірді: 

- Асқар ағамыз жоғары білім беру мен математика саласындағы белгілі ғалым, қадірлі академик. Ол кісінің еңбектерін құрметтеймін. Дегенмен, ғалымның ментальды арифметиканы пайдасыз нәрсе дегеніне келіспеймін. Ол кісі негізінен кеңестік ғылым мен дәстүрлі білім берудің өкілі ғой. 

Жалпы, ментальды арифметика ол тек есептеу ғана емес, ол – баланың миын шынықтыру бойынша қосымша білім беру бағдарламасы. Бәрімізге мәлім, адам ағзасының кез келген бөлігінде бұлшық еттер бар және оларды әрдайым шынықтырып отыру керек. Адам миы да бұлшық еттерден құралған және олар өзара нейрондар арқылы байланысқан. Адам миын шынықтырмасаң, ол ми ауруына, есте сақтау қабілетінің төмендеуіне, кей жағдайда қартайған шақта Альцгеймер ауруына әкеліп соғуы ықтимал. Сол себепті миды жастайынан шынықтырған жөн. Бұл орайда ментальды арифметиканың негізгі құрылғысы абакусты кейде миды шынықтыру гантелі деп те атайды екен. 

Ментальды арифметиканы мектеп бағдарламасына енгізу қажет пе? Бұл сауалымызға Ержан «әрине, мектеп бағдарламасына енгенін құптаймын» деп жауап берді. 

- Себебі біздің Академияның негізгі мақсаты - пайда көру емес, болашақ бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеу. Кім біледі болашақта біздің бағдарламаны мектеп бағдарламасына енгізсе нұр үстіне нұр болатын еді, - дейді ол.

Мейрамтай Иманғали

Мақала көзі: "Дидар" ШҚО облыстық газеті (01.02.2018) 

Сілтеме: http://didar-gazeti.kz/7693-oysha-esepteu-oushya-ne-bered.html